1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қаңлы мемлекеті жаңа ғылыми тұжырымдар: Ұлы даланың саяси және мәдени динамикасы

Қаңлы мемлекеті жаңа ғылыми тұжырымдар: Ұлы даланың саяси және мәдени динамикасы
27 Ақп 2026

2026 жылғы 25 ақпанда Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Николаевич Подушкиннің Қаңлы мемлекетіне (б.з.д. II ғ. – б.з. IV ғ.) арналған екі томдық монографиясының тұсаукесері өтті.
Ғылыми қауымдастық назарына «Қазақстан археологиясы бойынша материалдар мен зерттеулер» сериясы аясында жарық көрген төмендегі еңбектер ұсынылды:

  1. Подушкин А.Н. «Государство Кангюй (II в. до н. э. – IV в. н. э.) в свете археологических источников». Материалы и исследования по археологии Казахстана. Том XІХ. – отв. редактор А. Онгар. Алматы: Институт археологии имени А.Х. Маргулана, 2024. – 432 с.
  2. Подушкин А.Н. Государство Кангюй II в. до н.э. – IV в. н.э. в историческом и этнокультурном контекстах / Материалы и исследования по археологии Казахстана. Том XXVI – отв. редактор А. Онгар. – Алматы: Институт археологии имени А.Х. Маргулана, 2025. – 416 с.

Монографиялар жарты ғасырға жуық ғылыми зерттеулердің қорытындысы болып табылады және алғаш рет Қаңлы мемлекетіне қатысты археологиялық және жазба деректерді кешенді түрде жүйелеп, жинақтады. Қаңлылар Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағында орналасқан, Қазақстан аумағындағы көне этномәдени және саяси бірлестіктердің бірі болған мемлекет.
Іс-шара аясында «Қаңлы жаңа археологиялық деректер негізінде» атты көрме ашылды. Экспозицияда Күлтөбе, Қылышжар, Төлебайтөбе, Өгем өзені аңғары, Ақтөбе-Қызылкөл қалашығы, Пұшықмардан және Оңтүстік Қазақстанның өзге де ескерткіштерінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының бірегей материалдары ұсынылды.
Көрме бес тақырыптық кешен бойынша құрылды:
– әртүрлі пішіндегі және өрнектелген бірегей керамика;
– қару-жарақ пен ат әбзелдері;
– металл бұйымдар мен әшекейлер;
– наным-сенімдер мен культтік дәстүрлер;
– палеолингвистикалық материалдар, соның ішінде арамей графикасымен шығыс иран (соғды) тілінің бір диалектісінде жазылған Күлтөбе жазбалары.
Экспозиция Қаңлы мемлекетінің саяси ұйымдасуының жоғары деңгейін, қолөнер өндірісінің дамуын, рухани мәдениеті мен жазба дәстүрінің қалыптасқанын айқын көрсетті.
Іс-шараға отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Бұл маңызды оқиға Қазақстан аумағындағы ерте мемлекеттік құрылымдарды зерттеуге және ұлттық тарихи-мәдени мұраны насихаттауға елеулі үлес қосты.