Тянь-Шань археологиясы: ғылыми ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері
24 Қар 2025
Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлерінің Қытай Халық Республикасына ресми жұмыс сапары аясында археология саласындағы қазақстан-қытай ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған кездесулер мен ғылыми іс-шаралар өз жалғасын тапты. Ганьсу провинциясының жетекші ғылыми орталықтарында жүргізілген талдамалық жұмыстардан кейін Институт ғалымдары Үрімші қаласына барып, Тянь-Шань өңірінің археологиялық мұрасын зерттеу, заманауи реставрация әдістерімен танысып, бірлескен археологиялық зерттеу жұмыстарын жасау мүмкіндіктерін талқылады.
2025 жылдың 12 қарашасында Шыңжаң мәдени мұра нысандары және Археология институтында ғылыми кездесу өтті. Делегация алдымен археологиялық материалдар сақталатын қор қоймасымен танысып, артефактілердің сақталу жағдайлары мен оларды реставрациялау әдістерімен танысты. Одан кейін реставрация зертханаларына экскурсия ұйымдастырылып, онда мамандар ежелгі арбаны тазалау және қалпына келтіру технологияларын көрсетті. Археологиялық материалды бастапқы өңдеуде спирт пен жалбыз қоспасын қолдану тәсілі де таныстырылды.
Бамбук құжаттарын зерттейтін бөлімде ежелгі бояулар мен жазбаларды сақтау қалпына келтіру әдістері таныстырылды.
Зертханалармен танысу аяқталған соң Тянь-Шань өңірінің археологиялық мұрасын зерттеуге арналған ғылыми семинар өтті. Институт профессоры Күнес қоныстары, Қашқар өзені бойындағы Танбалысай қорымы, сондай-ақ Чонко-Ко, Каласу, Шырынтай және Жерентай ескерткіштері бойынша көпжылдық зерттеулердің нәтижелерін ұсынды. Бұл материалдар ежелгі қауымдардағы мал шаруашылығы мен егіншіліктің ерте формалары туралы маңызды мәліметтер береді.
Қазақстан тарапынан Г.С. Жұмабекова «Тянь-Шань өңірі мен Алтайдың ерте темір дәуірі ескерткіштері: зерттелу мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Семинардың қорытындысында тараптар бірлескен зерттеу бағдарламалары мен ғылыми алмасу тетіктерін кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Жұмыс Шыңжаң университетінің тарих факультетінде жалғасты. Бұл жерде қазақстан-қытай археологиялық жобаларына арналған семинар өтті. Қатысушыларды факультет деканы У Ицюн және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры А. Оңғар құттықтап, ынтымақтастықтың өзектілігін атап өтті. Қазақстандық тараптан А. Ержанова «Шығыс Қазақстан – Жетісу – Шыңжаң: Еуразия археологиялық металлургиялық провинциясы жүйесіндегі орны» атты баяндама жасады. Одан кейін Цун Дэсинь мен Ван Аньци өз зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Кездесу екі ел ғалымдарының пікір алмасуы және ғылыми талқылауларымен қорытындыланды.





