1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Ақтөбе қаласында «Халықтардың Ұлы қоныс аударуы қарсаңындағы далалық тайпалар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Ақтөбе қаласында «Халықтардың Ұлы қоныс аударуы қарсаңындағы далалық тайпалар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
26 Қар 2023

2023 жылдың 23-24 қараша аралығында ғұндар археологиясының өзекті мәселелеріне арналған Ақтөбе қаласында «Халықтардың Ұлы қоныс аударуы қарсаңындағы далалық тайпалар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны ҚР ҒЖБМ ҒК Ә.Х. Марғұлан ат. Археология институты және Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды.
Ғұндар тарихы Қазақстан тарихында аз зерттелген кезеңдердің бірі. Бұл кезең ғылымда «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» атауымен белгілі. Қарастырылып отырған кезеңде біз мемлекеттердің өркендеу және құлдырау сәттерімен, халықтардың қоныс аударуы және жойылып бара жатқан көне мәдениеттердің аясында жаңа мәдениеттердің пайда болуымен бетпе-бет келеміз. Бұл аласапыран кезең бізге зерттеушілердің назарын үнемі аудартатын көптеген құпияларды ашып береді.
Конференция жұмысына ғұн тарихын зерттеуші Қазақстанның, Түркияның, Венгрияның, Монғолияның, Ресейдің, Өзбекстанның және Қырғызстанның жетекші мамандары қатысты.
Конференция жұмысы екі бөлімнен тұрды.
Конференцияның бірінші бөлімінде Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары музейлерінің қорынан ғұн-сармат кезеңі бұйымдарынан жылжымалы көрме ұйымдастырлып, сонымен қатар Елек І кездейсоқ табылған материалдары негізінде ғұнның костюмі, қару-жарақ және ат әбзелі жиынтықтарының ғылыми-көркемдік және заттай жаңғыртпасы таныстырылды.
Конференцияның екінші бөлімінде ғұн дәуірін зерттеу перспективалары мен өзекті мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, екі кітаптың тұсаукесері болды.
А. Астафьев пен Е. Богдановтың авторлығымен жарыққа шыққан «Алтынқазған жерлеу-рәсімдік кешені (ІІІ – VI ғ. бірінші жартысы)» атты монографияда Алтынқазған ескерткішінің далалық, камералық және аналитикалық зерттеулерінің барлық ауқымын қамтитын ақпарат берілген.. Алтынқазғанда табылған барлық олжалар, сондай-ақ кешеннің пайда болу тарихы мен қызмет етуіне қатысты аналитикалық мәліметтер, Арал-Каспий маңындағы көшпелілер қауымының кейінгі антикалық және ерте орта ғасырлардағы рухани мәдениетінің дамуы туралы зерттеулер ғылыми айналымға енгізілді.
Екінші кітап «Қазақстан Республикасының Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы. Ақтөбе облысы. 1-шығарылым. Қарғалы ауданы» Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстан филиалының алғашқы еңбегі. Қарғалы ауданының ескерткіштер жинағы Қазақстанның электронды археологиялық картасын жасаудағы алғашқы қадамы. Ол картада елімізді зерттелген барлық археологиялық ескерткіштер туралы мәліметтер беріледі.