1. Басты бет
  2. Экспедициялар
  3. Қазақ Тобылындағы Сармат обалары

Қазақ Тобылындағы Сармат обалары

2024 жылдың мамыр-маусым айында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Қостанай археологиялық экспедициясы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Қазақ Тобылы маңы оңтүстік бөлігінің мәдени ландшафттық кеңістігі: далалық өркениеттің кезеңдері» (ИРН АР 14870373) атты гранттық қаржыландыру жобасы аясында Бесоба-3 және Қаратөбе-3 ескерткіштерінде зерттеу жұмыстарын жалғастырды.

Ескерткіш Қостанай облысы Жітіқара ауданы Жітіқара қаласы маңында орналасқан. 2023 жылы басталған зерттеу жұмыстарының бірінші кезеңінде Бесоба-3 қорымындағы «мұртты» обаның шым қабаты тазаланып, зерттеу тоқтатылған болатын. Биылғы жылы «мұртты» обада зерттеу жұмыстары ары қарай жалғастырылды. № 2 обаның үйіндісі тазаланып, аршылды. Тазалау нәтижесінде жерлеу деңгейінен жылқының жағы мен жілік сүйектері және ағаш қалдықтары мен күйдірілген топырақ анықталды.
Қазба жұмыстары «мұрттардың» негізінен бір қабат тастардан қалағандығын анықтады. Далалық маусымда «мұрттардың» ұштары қазылып, зерттелді.

Ал Қаратөбе-3 қорымындағы № 2 обада былтырғы зерттеу жұмыстары жалғастырылып, толық аяқталды. Өткен жылғы далалық маусымында обаның орталық жерлеу шұңқыры қазылып, ол жерден әйел адамның мүрдесі анықталған болатын. Биыл обаның төрт қабірі (№ 4–7) толықтай ашылды. Жоспарда зерттелген қабірлердің жерлеу шұңқырлары тікбұрышты пішіндес болып келген. Ақымы бар бір жерлеу шұңқырының беті ағашпен жабылған, келесі жерлеу шұңқырының ауызы бөренеге сүйеген тас плиталармен жабылған.
Жерленген адамдарды шалқасынан, басын батысқа және оңтүстікке қарай бұрып жатқызған. Мәйіттерді қасына түрлі әшекей бұйымдар, қару-жарақтар мен құрбандық малының сүйектерін қойып бірге жерлеген.

Қару-жарақтар арасынан «өтпелі» кезеңмен мерзімделетін темір қылыш, үш қырлы, ұңғылы жебе ұшы және белдік жинағының бөлшектері (айылбасы, қорамсаның ілгелі) және қола және темірден жасалған білезіктер, салпыншақ, ақықтан, шыныдан және бордан жасалған түрлі моншақтар табылды. Сондай-ақ екі қола айна, бояғыш заттары бар сүйек түтік түріндегі ғұрыптық жинақ табылды. Тұрмыс заттары арасынан түбі дөңгелек қыш ыдыс, ағаш ыдыстың қалдықтары, ұршықтың басы мен темір пышақтар анықталды.

Жерлеу рәсімі мен қабірден шыққан заттарды алдын ала талдау қорытындылары бойынша зерттелген қабірлерді шамамен б.д.д. IV ғ. соңы – III ғ. яғни ерте сармат мәдениетіне жатқызуға болады. Біздің бұл ойымызды сармат дәуірі кезеңдемесінің басты көрсеткіші қару-жарақ түрлері нақтылай түседі. Жалпы, осы жерлеу шұңқырларынан табылған олжалар 2023 жылы зерттелген қабірлерден (№ 1–3) шыққан материалдарға ұқсас және сәйкес.