1. Басты бет
  2. Экспедициялар
  3. Қазақ алтайындағы сәнбилердің жаңа ескерткіштері

Қазақ алтайындағы сәнбилердің жаңа ескерткіштері

ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігінің «Қазақстан тарихындағы ғұр-сармат дәуірі: пәнаралық зерттеулер, анализ және қайта жаңғырту» жобасын жүзеге асыру аясында 2024 жылдың далалық маусымында «халықтардың ұлы қоныс аударуы» кезеңімен мерзімделетін Тәутекелі қорымында археологиялық зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Қазба жетекшісі Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Азат Айтқали.

Қорым Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Аршаты ауылынан 11 км қашықтықта орналасқан Таутекелі шатқалында орналасқан. Далалық жұмыстарының алдын-ала қортындылары бойынша I мыңжылдықтың бірінші жартысымен мерзімделетін сәнби тайпалар одағы тиесілі 13 жерлеу-аза тұту кешені зерттелді.

Зерттеу барысында анықталған жер үсті құрылыстары ортасында қабір шұңқырлары бар тас қоршаулардан тұрады. Тереңдігі шамамен бір метр болатын мола шұңқырында негізінен ересек адамның мүрдесі, сирек жағдайда балаларды жерлеген. Екі жағдайда жылқыларды жерлеу дәстүрі анықталды. Мола шұңқырына қыш ыдыс, каури қабыршағы және жартылай бағалы тастардан жасалған моншақтар қойылған.

Жазба деректеріне сәйкес, сәнбийлер ғұн империясы ыдырағаннан кейін Орталық Азиядағы этномәдени процестердің қалыптасуы мен дамуына шешуші рөл атқарған көшпелі тайпа болғандығы белгілі. Олардың ықпалы аймақтың көшпелі қауымдастықтарының мәдени және саяси дамуының әртүрлі аспектілеріне, соның ішінде жаңа мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуына, әскери дәстүрлердің дамуына және әлеуметтік-экономикалық құрылымдарға әсер етті.