1. Басты бет
  2. Экспедициялар
  3. Қазақ Алтайында ерте ортағасырлық ескерткіштер зерттелді

Қазақ Алтайында ерте ортағасырлық ескерткіштер зерттелді

2024 жылғы далалық маусымында «Қазақ Алтайындағы қимақтардың мәдени кешенін пәнаралық зерттеу» гранттық қаржыландыру ғылыми жобасы аясында А.К. Айтқали басқаратын Алтай археологиялық отряды «Жұлдыз-1» қорымында кешенді ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қорым Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданында, аттас ауылдан батысқа қарай 2 шақырым қашықтықта орналасқан.

Дала жұмыстары барысында қорымның мұқият топографиялық түсірілімі жасалып, оның орналасу жоспары мен құрылымын дәл анықтауға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, тастан үйілген бірнеше обаны қазу барысында осы типтегі жерлеу ескерткіштерінің архитектуралық және құрылымдық ерекшеліктеріне терең талдау жүргізілді.

Жерлеу және еске алу құрылыстарын зерттеу кезінде ерте ортағасырлық халықтың мәдениетіне тән ерекше құрылыс технологиясының элементтері анықталды, бұл олардың жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетеді. Сонымен қатар, қазба жұмыстары барысында жерленген жауынгерлердің қару-жарақтары мен жылқы жабдықтарының элементтері табылды. Бұл олжалар зерттеліп отырған аймақтың ерте ортағасырлық халқының дәстүрлері мен рәсімдерін, сондай-ақ әскери дәстүрлері мен әлеуметтік құрылымын айқын бейнелейді.

Осылайша, жүргізілген зерттеулердің нәтижелері ескерткіштердің мәдени және тарихи контекстін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және Орталық Азия археологиясы саласындағы пәнаралық зерттеулер үшін жаңа перспективалар ашады.