Қазақстандық археологтар Қырғызстанда тандыр жасаудың көне дәстүрлерін зерттеді
23 Шіл 2025
2025 жылдың маусым–шілде айларында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкрі С.Ж. Рахимжанованың жетекшілігімен Қырғызстанда қыш-құмыра өндірісін зерттеуге арналған халықаралық этнографиялық экспедиция жұмыс жасады.
Ғылыми зерттеу жұмысы AP19678131 «Оңтүстік Қазақстан және іргелес аймақтардың (Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан) қыш өндірісін зерттеу: дәстүр және қазіргі заман» тақырыбы аясында ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің гранттық жобасы шеңберінде орындалды.
Экспедиция жұмысына Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Ж.Т. Аққошқарова, Ресей Ғылым академиясы Археология институтының (Мәскеу қ., РФ) ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Ю. Петрова, Ош мемлекеттік университетінің (Ош қ., Қырғызстан) доценті Н.К. Маразыков және Бельгияның Намюр қаласынан Индиана Локотар қатысты.
Далалық зерттеулер тұңғыш рет Ош, Өзген қалаларында, Ош облысына қарасты Қара-Суу Ноокат, Алай, Чоң-Алай, Араван, Өзген аудандарында және Бішкек қаласында жүргізілді.
Зерттеу барысында бастапқы шикізат пен қалыптау массаларды таңдаудың байырғы әдістер, тандыр құрастырудың әртүрлі нұсқалары анықталып, Орталық Азияда қалыптасқан әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер туралы түсінікті кеңейтетін бірегей мәліметтер жиналды.
Зерттеу барысында тұрғын үйлердің құрылысына да ерекше назар аударылды. Нәтижесінде бұл өңірде ерлер де, әйелдер де қыш өндірумен айналысқанын дәлелдейтін деректер табылды.