1. Басты бет
  2. Экспедициялар
  3. Серектас кешенінде жүргізілген археологиялық жұмыстар

Серектас кешенінде жүргізілген археологиялық жұмыстар

2024 жылдың 1-30 маусым аралығында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Серектас археологиялық экспедициясы «Ежелгі және ортағасырлардағы Алматы: археологиялық мұраны зерттеу және сақтау» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында Серектас-2 қонысындағы тұрғын үйлерді зерттеп, Серектас өзенінің аңғарындағы археологиялық ескерткіштерді анықтау мақсатында барлау жұмыстарын жүргізді. Серектас Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарабастау ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан ескерткіш.

Далалық маусымда зерттеу жұмыстары PhD доктор Альбина Ержанованың жетекшілігімен жүргізілді.

Барлау жұмыстары Серектас-1 және Серектас-2 қоныстарының маңындағы таудың баурайы мен өзен аңғарларында жүргізілді. Қортындысында 5 қоныс, 5 жартас суреттерінің шоғыры анықталды, кейінгі орта ғасыр мен Жаңа дәуірдің 1-2 шағын тұрақтары табылды. Жартас бетіндегі суреттер арасынан қазақ руларының таңбасы мен ерте көшпелілер дәуіріндегі киіз үйдің бедерленіп салынған суреті анықталды.

Далалық маусымдағы қазба жұмыстары №2 тұрғын үйде жүргізілді. Қазба жұмыстары барысында доңғал және ерте темір дәуірімен мерзімделетін қыш ыдыстың 727 сынығы, кетпендер, балғалар, тегістегіштер сияқты барлығы 83 дана тас құрал, ірі қара және ұсақ малдың сүйектерінен жасалған 38 дана құрал табылды.  Тұрғын үйдің солтүстік жағында еденнен қола бұйым, сондай-ақ 3 дана темірден жасалған шегелер табылды.

Серектас-1 қонысындағы археологиялық зерттеулер аясында ескерткіштің солтүстік-шығыс бөлігінде жалпы ауданы 54 м², өлшемі 6х4 м болатын бөлме қазылды. Серектас-1 қонысындағы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген остеологиялық материалдар, тас құралдар және қыш ыдыстардың сынықтары табылды. Шамамен 200-ге жуық үй жануарларының (көбінесе ірі және ұсақ мал сүйектері) және мүмкін жабайы жануарлардың сүйектері табылды. 10-нан астам тас бұйымдар мен құралдар анықталды.