1. Главная
  2. Новости
  3. 12 сәуір - Ғылым қызметкерлерінің күніне орай Институт мамандары студенттерге арнайы дәріс оқыды

12 сәуір - Ғылым қызметкерлерінің күніне орай Институт мамандары студенттерге арнайы дәріс оқыды
04 Апр 2024

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары т.ғ.к., Әсемгүл Дәуренқызы Касенованың ұйымдастыруымен 12 сәуір - Ғылым қызметкерлерінің күніне орай 2-ші сәуір күні Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық институтының студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамына зооархеологиялық және физикалық антропология зертханасының менгерушілері Мәмбет Шағырбаев пен Рамазан Жанұзақ археозоология және антропологиялық зерттеулер бойынша арнайы дәріс оқыды.

Лекция аясында ғалымдар студенттерді археологиядағы пәнаралық зерттеулердің бүгінгі таңдағы басым бағыттарымен таныстырды. Атап айтқанда өздерінің ғылыми зерттеу бағыттары болып табылатын адам және жануар сүйектерін зертханалық талдау, антропологиялық және археозоологиялық зерттеу қортындыларын ғылыми реконструкциялаудың өзекті мәселелерін баяндады. 

Рамазан Жанұзақ өз сөзінде ежелгі адамдардың қаңқа сүйектерінде кездесетін  патологиялық белгілер, бас сүйектің деформациясы туралы және ежелгі адамдардың бас сүйекке жасаған оталарының ерекшеліктері туралы айтты. Мәмбет Шағырбаев өзінің зооархеологиялық бағыттағы зерттеулерімен таныстырып, Қазақстандағы ежелгі және ортағасырдағы мал шаруашылығының даму динамикасы туралы баяндады. 

Дәріс студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды. Студенттер алдағы уақытта Институттың зертханаларына арнайы келіп, практикалық дәріс алып, жаз айларында Институттың далалық археологиялық экспедицияларына қатысуға ынта білдіріп, қызығушылық танытты. 
Дәріс аясында ҚазҰПУ Тарих және құқық институтының студенттері мен оқытушыларына арналған Институттың ғылыми зерттеу жұмыстары нәтижесінде жинақталған антропологиялық және зооархеологиялық материалдар бойынша арнайы көрме ұйымдастырылды.